Апелляциялық сот оқытушыны толық ставкаға қалпына келтірді
Батыс Қазақстан облысында сот университеттен заңсыз қысқартылып кеткен мұғалімнің құқығын қорғап, жұмысын қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұғалім информатика кафедрасында еңбек еткен. Кейін университет жалпы оқу жүктемесін қысқарту сылтауымен оның еңбек шартына өзгеріс енгізген.
Оқытушыға инженер-программист лауазымына ауысу ұсынылды, сонымен бірге оқытушылық бойынша тек 0,25 ставка қалдырылған, бірақ ол ұсынысты қабылдаудан бас тартқан.
Бірінші сатыдағы сот өтінішті ішінара қанағаттандырып, оқытушыны 0,25 ставкаға қалпына келтірді. Мұғалім сот шешіміне наразы болып, апелляциялық шағым түсірді.
Апелляциялық сот оның талаптарының негізді екенін танып, оқытушыны бұрынғы толық ставкасына қалпына келтіру туралы шешім шығарды.
Университет оқытушының жүктемесін азайту үшін нақты дәлел келтірмеген. Сол себепті апелляция оқытушыны толық жұмысқа қайтарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.