Қостанайда оқушы адам өмірін сақтауға көмектесетін отқа төзімді материал ойлап шығарды
Бірегей өнертабыс 1000°C температураға дейін шыдас береді

Қостанай қаласындағы №1 лицей-интернатының оқушысы Никита Белашов пен оның ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Дмитрий Судоргин адам өмірін қорғауға бағытталған «Старлайт» атты ерекше отқа төзімді материал жасап шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Никитаның айтуынша, жаңа материалды өрт сөндірушілердің киімдері мен техникасын қаптауға қолдануға болады. Бұл өрт кезінде өлім мен күйік алу қаупін азайтып, жоғары температурадан жабдықтардың істен шығуын болдырмайды.
«Өрт – адам өміріне қауіп төндіретін тілсіз жау. Егер «Старлайт» материалынан пластиналар жасалып, оларды өрт сөндірушілердің жабдықтарына орнатса, бұл көптеген адамды аман алып қалуға көмектеседі», – дейді Никита Белашов.
Ғылыми зерттеу нәтижесі
Зерттеу барысында қалыңдығы небәрі 0,5 сантиметр болатын пластина 1000°C температурада тікелей отқа екі минут бойы төтеп бере алған. Осы уақыт ішінде материал ішкі жағында өмір сүруге қолайлы температураны сақтап тұрған.
Физика пәнінің мұғалімі Дмитрий Судоргиннің айтуынша, бұл өнертабыс жылу оқшаулау мен өрт қауіпсіздігі саласында үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
«Біз тоқтап қалмай, материалдың құрамын жетілдіру жұмысын жалғастырамыз. «Старлайт» адам өмірін қорғауда нақты нәтижес көрсетіп отыр», – дейді ол.
Танылу мен қызығушылық
Никита өз жобасын республикалық ғылыми байқауда қорғап, II орынға ие болды, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясында өткен Жас зерттеушілер форумында үздік нәтиже көрсетті.
Бүгінде басқа өңірлердің зерттеушілері де «Старлайтқа» қызығушылық танытып, оны жылу оқшаулағыш материал ретінде өз жобаларында сынақтан өткізіп жатыр.