Тендерде әділдік болмаған: Ақмола облысында балабақшадан шу шықты
Балабақша өткізген тендердің заңсыз тұстары анықталды

Ақмола облысында балабақша өткізген мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, ЖШС мен жеке кәсіпкер (ЖК) балабақша өткізген 800 кг сиыр етін жеткізужөніндегі конкурсқа қатысқан. Нәтижесінде ЖШС-ға 4 балл, ал ЖК-ға 5 балл беріліп, жеңімпаз ретінде ЖК танылған.
ЖШС сотқа жүгінді
ЖШС бұл нәтижемен келіспей, ұйымдастырушыға шағым түсірген. Алайда ұйымдастырушы шағым веб-портал арқылы берілмеген деген себеппен өтінішті қараудан бас тартқан.
Сот бұл шешімді заңсыз деп таныды, себебі ұйымдастырушы ЖШС-ға 4 балл қоюдың негізін дәлелдей алмады. Ал ЖК-ға қойылған балл қой етінің конкурсына қатысты тәжірибеге сүйене отырып берілген, бірақ бұл жағдайда сиыр еті сатып алынуы тиіс болған.
«Жауапкер шағымды формалды түрде қараған, нәтижесінде заңнама талаптары бұзылған. Келісімшарттың жасалуына дейін шағым қаралмаған және тыңдалым өткізілмеген», – делінген сот хабарламасында.
Нәтиже
Сот ЖШС-ның әкімшілік талабын қанағаттандырып,
- балабақшаның шешімін заңсыз деп таныды және күшін жойды;
- конкурс нәтижелерін қайта қарауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, сот ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен білім басқармасына анықталған заңбұзушылықтар бойынша шара қолдану туралы жеке ұйғарым жолдады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.