Зейнеткердің денесі пәтерінде 15 жыл жатқан: оны бүгінге дейін ешкім іздемеген

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жұртты шошытқан оқиға Испанияда болды

Фото: istockphoto.com

Испанияның Валенсия қаласында көпқабатты үйдің жоғарғы қабатындағы пәтерден 15 жыл бойы із-түзсіз жатқан зейнеткердің мәйіті табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның есімі – Антонио. Оның денесі тек биыл ғана табылған, себебі жаңбырдан кейін төменгі қабаттағы пәтерді су басып, мамандар себебін анықтау үшін үйге кірген. Өрт сөндірушілер терезе арқылы кіргенде, пәтердің ішінен қаңқаға айналған және ішінара мумияланған мәйітті, сондай-ақ қоқыс мен көгершіндердің қалдығын тапқан.

2010 жылдан бері ешкім хабарламаған

Соңғы рет Антонионы 2010 жылы көршілері көрген. Сол уақыттан бері ешкім оның жоғалғанын хабарламаған. Пошта жәшігі толып кетпеген, себебі барлық коммуналдық төлемдер мен шоттар автоматты түрде төленіп тұрған, ал зейнетақы есепшотқа түсіп отырған. Сондықтан ешкім күмәнданбаған.

Көршілері оны «елес адам» деп сипаттайды: тұйық, жалғыз өмір сүрген, көп ешкіммен араласпаған. Көптен бері көрінбей кеткендіктен оны қарттар үйіне немесе туыстарына көшіп кеткен шығар деп ойлаған. Кейін белгілі болғандай, Антонионың екі баласы болған. Алайда олармен байланысын 30 жыл бұрын үзіпті.

Полиция: «Өлімі табиғи себептен болған»

Тергеу мәліметінше, пәтерде зорлық-зомбылық белгілері жоқ, сондықтан өлімнің табиғи себептерден болғаны анық. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, Антонио өмірінің соңғы жылдарын қалай өткізсе, солай жалғыз және үнсіз дүниеден өткен.