Ол Семей қаласына алғаш рет келді
Аты аңызға айналған таеквондо шебері, қазақтың батыр ұлы Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік ата-бабасы туып-өскен Абай облысына келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Неслихан Өзтүрік қазіргі уақытта Германияның Мюнхен қаласында тұрады. Семей қаласына келген ол облыс әкімі Берік Уәлимен кездесті.
«Мен Германияда туып-өстім. Абай еліне, Семей қаласына алғаш рет келіп отырмын. Құрмет көрсетіп, жылы қабылдағандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Ата-бабаларымның туған жеріне келіп, ерекше сезімді бастан кешіп отырмын», – деді Неслихан Өзтүрік.
Аймақ басшысы Мұстафа Өзтүрік есімін Абай облысында дәріптеу бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Мұстафа Өзтүрікті еліміз жақсы біледі, бәріміз мақтан тұтамыз. Ол кісі тәуелсіздік жылдары елге жиі келіп, халқымен етене араласқан, үлкен құрмет пен қошеметке бөленген тұлға. 1994 жылы Мақаншы ауданына арнайы келіп қайтқан еді. Батыр ағамыз келгенде елдің ықыласы, пейілі ерекше болды. Абай облысында Мұстафа Өзтүріктің есімін насихаттауға байланысты ұсыныстарыңызды қарастырып, қолдау білдіруге дайынбыз», – деді аймақ басшысы.