Қаржы министрі бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану деректерін атады
Қаржы министрлігі тексеріс жүргізіп, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесінде бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Кейбір қатысушылар бір малға бірнеше рет субсидия алған, ал кейбір ұйымдар бюджет қаржысын жеке пайда табу мақсатында пайдаланған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, кей ұйымдар мемлекеттік қаржыны тіпті депозитке салып, пайыздық табыс тапқан.
«Тексеріс нәтижесінде мемлекеттік қолдау жүйесіне қатысушылардың кей бөлігі бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды. Мысалы, кей ұйымдар қаржы институты мәртебесіне ие болмаса да, бөлінген қаражатты қарызға беріп немесе депозитке салып, пайыздық табыс алған», — деді министр Үкімет отырысында.
Министр келтірген мысалдардың бірі – 1 миллиард теңге көлемінде бюджет несиесінің депозитке салынуы.
«Бюджеттен алынған несие депозитке салынып, нәтижесінде 80 миллион теңге көлемінде табыс әкелген», – деп нақтылады Такиев.
Оның айтуынша, ең ірі бұзушылықтар ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты тіркелген.
«Бір мал басы үшін бірнеше рет субсидия берілген жағдайлар анықталды. Мұндай төлемдердің жалпы сомасы – 808 миллион теңге», – деді министр.
Мәди Такиев мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру үшін бақылауды күшейту және цифрлық талдауды дамыту басты бағыт болып қала беретінін атап өтті.