Бектенов банктерге несиелер мен бөліп төлеудің нақты құнын ашық көрсетуді тапсырды

Автор: Аягөз Құрмаш

Халық артық төлемнің құнын білуі керек

Фото: primeminister.kz

Премьер-министрі Олжас Бектенов банктер мен микронесие ұйымдарына несие мен бөліп төлеудің нақты құнын толық ашық көрсету жөнінде тапсырма берді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несиелеуді тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Банктер мен қаржы ұйымдары, сондай-ақ сауда орындары тауардың бөліп төлеудегі нақты бағасын, барлық артық төлемдер мен пайыздық үстемелерді ашық көрсетуі тиіс», – деді Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, тұтынушылар көбінесе тауардың немесе несиенің толық құнын білмей, жасырын үстеме ақы мен комиссиялардан зардап шегеді.

Жаңа тапсырма бұл мәселені шешуге және қаржы нарығында ашықтық орнатуға бағытталған. Олжас Бектенов инфляциялық қысымды азайту үшін ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, сондай-ақ тұрақтандыру қорларын (стабфондтар) жедел қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

«Инфляцияға қысым көрсетіп отырған басты фактор – азық-түлік бағасының сыртқы нарықтардағы өсімі. Сондықтан ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету керек», – деді үкімет басшысы.

Бектенов мемлекеттік органдарға және қаржы реттеушілеріне ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүргізіліп, азаматтардың несие мен бөліп төлеу шарттарын дұрыс түсінуіне мүмкіндік бермек.