Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
Ақтөбеде 15 жастағы футболшы мен оның туыстарының газдан уланып көз жұмғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 13 қазан күні Ақтөбеде болды. Бір отбасының үйінен 15 жастағы Арон Мұсаның, оның әжесі мен нағашысының мәйіттері шығарылды. Жасөспірімнің қазасы туралы ол ойнаған футбол клубы хабарлады.
Қазір тергеушілер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Ақтөбе облыстық полиция департаменті бір отбасының үш мүшесінің өліміне байланысты тергеуді бастады. Газ жабдығына техникалық сараптама жүргізіліп жатыр, оқиғаның себебі мен жағдайы нақтылануда», — деді облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары Нариман Мұхтаров.
Футбол клубының өкілдері марқұм Арон Мұсаның жасөспірімдер командасының капитаны болғанын, болашағынан үлкен үміт күттіргенін айтты. Ол алты баланың үлкені еді. Атасы қайтыс болғаннан кейін әжесіне көмектесу үшін оның қасына көшіп барған.
Мәліметтерге сүйенсек, қайғылы жағдай болған үй жеке жылыту жүйесімен жылыған. Оқиғадан кейін өңірдегі барлық үйдің жылыту және газ жүйелерін тексеру тапсырылды.
Айта кетейік, осыған дейін «Ақтөбенің» жас футболшысы туыстарымен бірге қайғылы жағдайда көз жұмғаны хабарланған болатын.