Павлодарда балаларын терезеден лақтырған әйел жындыханаға жатқызылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын

Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласында биыл шілде айында көпқабатты үйден балаларын лақтырып, кейін өзі де секіріп кеткен әйелге қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу ісі аяқталып, материалдар прокуратураға жолданған.

«Балалардың анасы – күдікті әйелге қатысты мәжбүрлі медициналық сипаттағы шара қолдану туралы шешім қабылданды. Ол Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығына орналастырылды», – деп мәлімдеді облыстық ПД өкілдері.

Айта кетейік, биыл 30 шілде күні Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде жантүршігерлік оқиға болды. Куәгерлердің айтуынша, әйел адам бесінші қабаттан екі баласын терезеден лақтырып жіберген. Кейін өзі де секіріп кеткен.

Оқиға орнына дереу жеткен жедел жәрдем қызметі 2017 және 2024 жылы туған балаларды ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Әйелдің өзі де ауыр жағдайда Павлодар қалалық №1 ауруханасына түсті.