«Табиғатымыздан сондаймыз»: үкімет сағатында Сәденов пен депутат сөзге келіп қалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат ішкі істердегі ескі қылмыстар үшін кім жауап беретінін білгісі келген

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің жауабын сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Депутат Мәжілістің үкімет сағатына дайындықсыз келген мемлекеттік қызметкерлерді атады.

«Үкімет сағатына біздің мемлекеттік органның басшылары, өңірлердегі атқарушы билік өкілдерінің дайындықсыз келгені қынжылтады. Айналып соғып берген жауаптары көңілден шықпай отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қоғамның жалпы тыныштығы үшін аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Парламентте де білім, ғылым, денсаулықтың аузынан жырып тұрып қоғамның тыныштығы деп осы бағытта көп қаржы жұмсалып жатыр. ІІМ қызметкерлерінің әрбір бесінші тұлғасы жемқорлық тәуекеліне бейімді екені айтылды. Бақытжан Базарбек 6 бірдей деректі келтірді. Сіз кейбір деректі 2016-18 жылдары болған деп өз жауапкершілігіңізден ысырғыңыз келеді. Жауапкершілік ортақ, бұрын да, қазір де, - деді ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қарата айтқан сөзінде ол.

Депутат осы орайда полицияға жағдай жасалып жатса да, кейбір қызметкерлер жемқорлықпен ұсталғанын атап, Ержан Сәденовті одан сайын қыспаққа алды. Ержан Сәденов болса бұл сұраққа тіксініп жауап берді.

«Мен бәленбай жылда болған деп жауаптан қашайын деп тұрған жоқпын. Бірінші күннен бастап осы саладамыз. Біз бөтен жерден келген жоқпыз. Осы салада әріптестерімізбен бірге қызмет атқардық. Мен қызметкерлеріме қай лауазымға тағайындалса да, сол күннен бастап жауап бересің деп айтамын. Біздің табиғатымызда қашу деген жоқ. Біреуге сілтеу деген жоқ. Жақын таныс болмаған соң, білмейсіз», - деп жауап береді министр.

Сондай-ақ Сәденов биыл полиция қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артқанын айтты.

«Ішкі істерде сала өте көп. Жедел уәкіл топтары бар. Олардың жұмысын басқалармен салыстыруға келмейді. Тергеушілер де бар. Олардың жұмысы опеартивтілікті қажет етеді. Осылардың барлығын жинап, кадр қызметкерлері оперативті қызметтегі қызметкерлердің жалақысы сіздердің қолдауларыңызбен 30 пайызға артты. Осы үшін депутаттарға алғыс. Қазір мен ананы, мынаны істедім деп бөсіп айтпай-ақ қояйын. Оның жаманы да, жақсысы да менікі. Әрқашан жауап беруге дайынмын. Себебі біз – офицерміз. Әр азамат өз жұмысына қатысты шешімді мойынымен көтеруі керек», - деді ол.