Министр бұл мәселені ашық айтамын дейді
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция жүйесіндегі адалдық пен кадр даярлау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ-дегі көшпелі үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өңірлерде бірқатар учаскелік полиция қылмыстық істердің фигуранты болып жатқанын атап, осы орайда қандай жұмыс істеліп жатқанын сұрады.
Ержан Сәденовтың айтуынша, соңғы жылдары кейбір учаскелік инспекторлар мен полиция қызметкерлері өз антына адал бола алмай отырғаны жасырын емес.
«Өкінішке қарай, полицейдің бәрі антына адал емес. Бұл біз үшін ауыр тақырып, бірақ ашық айтуға тиіспіз», - деді Ержан Сәденов.
Министрдің айтуынша, 2018 жылдан бастап полиция қызметкерлеріне арналған бакалавриат жүйесі жойылған.
«2018 жылға дейін бізде төрт академия жұмыс істеді, қазір бес академия, бір институт және екі оқу орталығы бар. Бұрын курсанттар төрт жыл бойы полицейлік құқықты оқып, кәсіби дайындықтан өтетін. Олар шынымен дайын мамандар болатын. Алайда 2018 жылы бакалавриат жойылды», - деді ол.
Содан бері жыл сайын шамамен 6 мың адам полиция қатарына қабылданады. Бұл зейнетке шығатын қызметкерлердің орнын толықтыру үшін қажет. Бірақ жоғары оқу орнын азаматтық бағытта тәмамдаған түлектер бір-екі айлық қайта даярлау курсынан ғана өтеді.
«Екі айда азаматтық адамнан кәсіби полицей жасау мүмкін емес. Біз барымызды салып келеміз, бірақ бұл жүйелі мәселе», - деді министр.
Министрдің сөзінше, бұл жағдай қазіргі полиция жүйесіндегі проблемалардың бірі болып отыр. Сондықтан ІІМ бұл мәселені президентке баяндаған және өткен жылдан бастап курсанттарды толыққанды даярлау қайта басталған.
2025 жылдан бастап академиялар жыл сайын мыңға жуық офицер (тергеуші, жедел уәкіл және басқа мамандар) дайындайды.
Ал 2031 жылға қарай жыл сайын 1800 офицер академиялық білім алуы керек. Ержан Сәденов сонымен қатар офицерлік құрам мен тәлімгерлік институтының қайта жанданғанын айтты.
«Біз барлық ардагерлерді жинап, ай сайын кездесулер өткіземіз. Олар өңірлерге барып, жас қызметкерлерге тәжірибесі мен беделін жеткізіп келеді. Бұл – кәсібилікті арттырудың ең тиімді жолы», - деді министр.
Айта кетейік, жуырда жазғанымыздай, Астанада «жігітінің» айыппұлдарын бөтен адамдардың атына жазған майор Айдана Қалыбай ауыр жаза арқалады.