Астанада араққа тойып алған ер адам жедел жәрдем көлігінің терезесін сындырып тастады (ВИДЕО)
Ол бұзақылық ісі үшін жарты айға қамауға алынды
Астанада араққа сылқия тойып алған ер адам жолда кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігін бүлдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, түн ортасында жедел жәрдем жүргізушісінен Бейбітшілік көшесінде белгісіз ер адамның қызметтік автокөліктің алдыңғы әйнегін зақымдағаны жөнінде хабарлама түскен.
Белгілі болғандай, 44 жастағы азамат алкогольдік масаң күйде көшеде жүріп, қарсы келе жатқан жедел жәрдем көлігіне барсеткасын лақтырып жіберген. Соққы салдарынан көліктің алдыңғы әйнегі сынған.
«Полицейлер құқық бұзушыға қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды.
Жыл басынан бері елордада осы бап бойынша шамамен 3 мың тұрғын жауапкершілікке тартылған.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіп ережелерін сақтап, айналасындағыларға құрметпен қарауға шақырады», – делінген хабарламада.