Биыл тоғыз айда Алматыда 500-ден астам есірткі қылмысы анықталды
Алматыда заңсыз айналымнан 525 келіден астам есірткі заты алынып, есірткі саудасына қатысы бар үш ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, есірткі қылмыстарымен күрес мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидаты және Профилактика жылы аясында жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау, қоғамды есірткі қауіпінен қорғау», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, биыл тоғыз айда Алматыда 500-ден астам есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 52 келі синтетикалық есірткі мен 3 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленген.
Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған 255 миллион теңгеден астам ақша мен мүлік мемлекет кірісіне аударылды.
Полиция екі есірткі зертханасының қызметін тоқтатып, есірткі өткізумен және таратумен айналысқан үш қылмыстық топты анықтады.
Қазіргі уақытта полиция Ұлттық банк пен Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе отырып, заманауи цифрлық құралдарды белсенді қолданып отыр.
Нәтижесінде, 1,5 мың отандық және 5 мыңнан астам шетелдік банк картасы, 312 криптоәмиян бұғатталды; 68 миллион теңге көлеміндегі күдікті операциялар тоқтатылды; есірткі жарнамалаған 2200 интернет-ресурс, оның ішінде 27 Telegram-арна бұғатталды.
Жыл басынан бері 700-ден астам кездесу мен түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, жастар мен ата-аналарға есірткінің зияны түсіндірілді. Қала көшелерінде есірткі жарнамалары боялып, әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп жатыр.
«Есірткіге қарсы күрес тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ата-аналардан бастап педагогтар мен БАҚ өкілдеріне дейін бірігіп әрекет етуіміз қажет», – деді Қуатбек Науатов.
Алматы полициясы бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беретінін, басты басымдық жазалау емес, алдын алу және түсіндіру шараларына берілетінін атап өтті.