Биыл Қазақстанда қылмыс саны 6 мыңға азайды – Сәденов
Қылмыс саны 7 пайыз азайып отыр дейді министр

Мәжілістің көшпелі үкімет сағатында ішкі істер министрі Ержан Сәденов биыл қылмыс саны айтарлықтай азайғанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сәденов қылмыспен күресу саласындағы бағдарлама оңтайлы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.
«Биыл да оң динамика сақталып отыр. Қылмыс 7 пайызға немесе 6 мыңнан астам қылмысқа азайып отыр. Оның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық, бұзақылық, ұрлық, бұрын сотталғандардың қылмысы, көшелерде қарумен жасалатын қылмыс түрі төмендеді», - дейді Сәденов.
Министр атағандай, қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша 2 млн жағдайдың алды алынған.
«Біздің негізгі мақсатымыз - айыппұл салу, жазалау емес, қоғамда заң бұзуға төзбеу. Осыған орай, тәртіп сақшылары әр 10-жағдайда тек ескерту берді. Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру үшін барлық органның деңгейінде осы жұмыс атқарылуы керек. Полиция әкімшілік құқық бұзудың 96 пайызының алдын алды. Жыл басынан бері 13 млн құқық бұзудың 12,7 млн жағдайы ішкі істер министрлігінің үлесіне кіреді», - деді Ержан Сәденов.