Оқиға орнына өрт сөндірушілердің бірнеше бригадасы жіберілді
Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан City Plus 3 тұрғын үй кешенінде өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап.
ТЖД мәліметінше, оқиға орнына шақырудың жоғары дәрежесі бойынша бірнеше бригада жіберілген.
«Алғашқы бөлімшелер келген кезде электр сымдарының жанып жатқаны және ғимарат іші түтінге толғаны анықталды. Бірден тұрғындарды эвакуациялау және құтқару жұмысы басталып, өрт сөндіру автосатысы орнатылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшелері және жедел штаб жұмыс істеді. Өртті сөндіру барысын Алматы қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Дамир Ермағамбетов жеке өзі бақылаған.Өртенген тұсқа генераторлар арқылы көбік беріліп, өрт ошағы жойылған.
«АКТП-54» атты автоматты көтергіш техникасының көмегімен бір тұрғын құтқарылды. Қалалық ТЖД мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.