Теміртауда зейнеткерді ұрып-соғып, тонағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Теміртауда егде жастағы ер адамды ұрып-соғып, тонаған тоғыз бозбаланың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор кезекті отырыста айыптау қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл іс бойынша 9 адам жауапқа тартылған. Олардың жетеуі – жасөспірім, ал екеуі – ересек. Ең үлкені – 33 жастағы ер адам, ол бұрын да тонау және ұрлық ісі үшін сотталған.
Тергеу деректеріне сәйкес, биыл наурыз айында жасөспірімдер мен ересектерден құралған топ Теміртауда жалғыз тұратын қарияның үйіне баса-көктеп кірген.
Олар зейнеткерді ұрып, балағаттаған және ол сәтті видеоға түсіріп, кейін оны мессенджердегі топқа жіберген.
Temirtau.city мәліметінше, тергеу барысында күдіктілер зейнеткердің үйіне үш рет кіргені белгілі болды. Олар 67 жастағы ер адамның ақшасын, ұялы телефондарын және банк картасын алып кеткен.
Бұған дейін де топ мүшелері жалғыз тұратын 37 жастағы ер адамды тонаған.
Келесі сот отырысында куәлардан жауап алу және дәлелдемелерді зерттеу жоспарланған. Ал бүгінгі отырыста айыпталушылар тәртіп сақтамағаны үшін судьядан ескерту алды.
Айыпталушыларға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қалалық прокуратура істің қатаң бақылауда екенін мәлімдеді.