Тағы бір соғыс оты тұтанғалы тұр: Ауғанстан мен Пәкістан бір-біріне оқ атты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қақтығыс: «Талибан» соққы жасағанын растады

Фото: SIDDIQULLAH ALIZAI | AP / SCANPIX

Ауғанстанның «Талибан» үкіметі Пәкістан армиясына қарсы соққылар жасағанын растады. Қақтығыстар елдің солтүстігіндегі таулы аймақтарда жүріп жатыр. Қаза болғандар туралы толық мәлімет жоқ. Ауғанстан тарапы 9 адам қаза болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Қақтығыстың мән-жайы

«Талибан» бұл әрекетті «жауапты операция» деп атады. Ұйымның мәліметінше, осыған дейін Пәкістан әскері Ауғанстанның әуе кеңістігін бұзып, бейсенбі күні Пактика провинциясындағы базарды бомбалаған.

Пәкістан ішкі істер министрі Мохсин Накви керісінше, бұл шабуылдарды «еш себепсіз жасалған агрессия» деп атап, «Ауғанстан бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды» деп айыптады. Ол Исламабад «лайықты жауап береді» деп ескертті.

«Бейбіт халыққа оқ ату – халықаралық құқықты өрескел бұзу. Ауғанстан от пен қанмен ойнап отыр», — деп жазды Накви әлеуметтік желіде.

Шекарадағы атыс

BBC дерегінше, екі тарап оқ-дәрі мен артиллерия қолданған. Атыс Пәкістанның бірнеше шекаралық ауданында – Куррам, Ангур-Ада, Баджаур, Дир, Читрал және Бахрамча жерлерінде тіркелді.

Куәгерлердің айтуынша, ауыр қарудан оқ ату жергілікті уақытпен 22:00 шамасында басталған. Шекара бойындағы бірнеше орында интенсивті атыс байқалған.

Алғышарттар мен айыптаулар

Осыған дейін «Талибан» үкіметі Пәкістанды Ауғанстанның егемендігін бұзды деп айыптаған болатын. Өткен аптада Кабулда жарылыстар болып, артынан Пәкістан Пактика провинциясындағы базарды бомбалады деген хабар тарады.

Пәкістан армиясының өкілдері, өз кезегінде, «Талибан» тобы террорларды жасырып отыр деп мәлімдеді. Кабул мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады.

Халықаралық үн

Сауд Арабиясы мен Қатар екі елді сабыр сақтауға және диалог орнатуға шақырды.

Эр-Рияд Исламабадпен өзара қорғаныс туралы келісімге қол қойғанын еске салып, жағдайдың ушығып кетпеуін сұрады.