Шекарадағы кептеліс: Қазақстан мен Қытай рұқсат бланкілерін апта сайын алмасуға келісті
Апта сайын 6 мың бланк жеткізіледі

Қазақстан мен Қытай халықаралық тасымалдауға арналған рұқсат бланкілерін тұрақты түрде алмасу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Апта сайын 6 мың бланк жеткізіледі
Министрліктің мәліметінше, тараптар апталық жеткізу кестесін бекіткен.
Соған сәйкес, қытайлық тарап әр апта сайын 6 000 бланк жолдайды.
«Соңғы сегіз апта бойы құжаттарды алмастыру әр дүйсенбі сайын жүзеге асып келеді. Келесі партияны 2025 жылғы 13 қазанда алу жоспарланған», — делінген министрлік хабарламасында.
«Нұр Жолы» бекетіндегі кептеліс
Бұған дейін Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «Нұр Жолы» өткізу бекетінде жүк көліктерінің жиналуына рұқсат бланкілерінің тапшылығы себеп болғанын хабарлаған еді.
Құжаттар жетіспеушілігі қазақстандық тасымалдаушылардың Қытай аумағына өте алмауына әкелген.
Мәселені шешу үшін екі елдің көлік ведомстволары қосымша квота бөлу және рәсімдерді жеделдету шараларын талқылаған болатын.