12 қазанда еліміздің бірнеше өңірінде қар мен жаңбыр жауып, жел күшейеді
Қазақстанның басым бөлігінде 12 қазан күні ауа райы құбылмалы болады. «Қазгидромет» дерегінше, батыс, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде жаңбыр мен қар араласа жауады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ пен желдің күшеюі күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, шығыс пен солтүстік-шығыста көктайғақ байқалады, ал батыс және орталық облыстарда тұман түседі. Кей аймақтарда жел екпіні күшейіп, ауа температурасы төмендейді.
Жетісу облысында түнде, сондай-ақ Жамбыл облысының таулы аймақтарында 1-6 градусқа дейін аяз болуы ықтимал.
Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Ақмола, Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарында жоғары өрт қаупі бар.
Ал Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және өзге де аймақтарда төтенше өрт қаупі күтіледі.