Дональд Трамптың немересі қазақстандық әншінің әнін қойып, арнайы видео жариялады
Ол атасымен бірге гольф ойнап жүр

АҚШ президентінің немересі Кай Трамп Instagram парақшасында Дональд Трамптың қазақстандық әнші Скриптониттің «Не расслабляйся» әнінің фонында гольф ойнап жүрген видеосын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеода Трамптың гольф алаңында уақыт өткізіп, бірнеше соққы жасап, немересімен бірге гольф көлігіне мініп жүрген сәттері бейнеленген.
Видео әлеуметтік желіде тез таралып, қолданушылар арасында қызу пікірталас тудырды. Көпшілік бейнероликтің музыкасына таңданысын білдірді.
«Атаңмен бірге гольф ойнап, фонына Скриптониттің трегін қою – бұл мықтылық», «Трек өте дәл таңдалған», «Атасы мен немересінің талғамы керемет екен», «Трек Қазақстанда, Скриптониттің орындауымен әзірленген», «Скриптониттің өзі таң қалған шығар», — деп жазды желі қолданушылары.