Каспийдің құрғап қалған тұсынан тұзды шаң көтеріліп, Атырауды басып қалды
«Қазгидромет» мәліметінше, қалада желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді
Атырауда Каспий теңізінің құрғап қалған тұсынан көтерілген тұзды шаң бораны соқты. Куәгерлер мен синоптиктердің хабарлауынша, қатты жел теңіз түбінен ақ шаң мен тұзға қанық улы қосылыстарды аспанға көтеріп, қалаға жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Таңертеңнен бастап қалада тұзды шаң қоюланып, оның ұсақ бөлшектері тұрғындардың бетіне, киіміне, көлік әйнектеріне төгіліп жатыр. Ауадан өткір иіс сезіледі.
«Қазгидромет» мәліметінше, желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді, бағыты – теңіз жағынан, оңтүстік-шығыстан соғуда. Ауаны бақылау станцияларында ұсақ бөлшектердің (PM₂.₅) деңгейі 10 мкг/м³ шамасында, бұл орташа көрсеткіш, алайда жел күшейген сәттерде оның мөлшері артады.
Экологтар мұндай ұсақ шаңның адам денсаулығына жасырын қауіп төндіретінін ескертеді: ол өкпенің ең терең қабатына және қан айналым жүйесіне дейін еніп, шырышты қабықты тітіркендіреді, жөтел мен мұрынның бітелуіне себеп болады.
«Каспийдің құрғаған табанынан көтерілген шаң тек көлемімен емес, құрамымен де қауіпті: оның құрамында тұз, ауыр металл, мұнай өнімдері мен ондаған жылдар бойы теңіз түбінде жиналған улы қосылыстар бар. Бүгін Атырау теңіздің тартылуының салдарын ауамен жұтып отыр. Өзіңізді қорғаңыз», – делінген басылым материалында.