Қазақстан Қытайдың ТОП-5 ең танымал шетелдік бағыттарының қатарына енді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қытай туристері арасында Қазақстан қонақүйлеріне сұраныс күрт артты

Фото: freepik.com

Қазақстан Қытайдың туристік нарығындағы өз орнын нығайтып келеді. Tongcheng Travel атты Қытайдың ірі онлайн-туристік платформасының мәліметінше, Қазақстан Қытай туристері тарапынан қонақүй броньдау көрсеткіші ең жоғары өскен шетелдік бағыттардың бестігіне енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Kazakh Tourism-ге сілтеме жасап.

Бұл деректер Қытайдағы Ұлттық мереке мен Күз ортасы фестиваліне арналған сегіз күндік демалыс кезінде тіркелген.

Қытайда шетелдік сапарларға қызығушылық екі есеге артқан

Биыл Қытайда алыс шетелге топтық турларға сұраныс жылдық есеппен екі есеге жуық артқан. Мереке күндері Қытай азаматтары Орталық Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі қонақүйлерді белсенді түрде броньдаған.

Сұранысы ең жоғары елдердің алғашқы бестігіне мыналар кірді:

Сауд Арабиясы, Мысыр, Жаңа Зеландия, Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктері.

«Қытаймен туризм алмасуы жүйелі түрде дамып келеді»

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша, биыл Қытайдан келген туристер саны айтарлықтай артқан:

«Биылғы тоғыз айдың ішінде Қазақстанға Қытайдан 675 мыңнан астам турист келді. Өткен жылы бұл көрсеткіш толық жыл бойынша 655 мың адам болған еді. Бұл – елімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және Қытай нарығында Қазақстанды ілгерілету, визалық рәсімдерді жеңілдету, тікелей әуе қатынастарын кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді», — деді ол.

Қытай интернетіндегі сұраныс көрсеткіші де жоғары

Қытайдың ең ірі іздеу жүйесі Baidu деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан туралы тәулігіне орташа 420-430 мың іздеу сұранысы тіркелген.

Ең белсенді аймақтар қатарында – Гуандун мен Чжэцзян провинциялары, Бейжің қаласы, сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Шаньдун провинциясы бар.