Батыс Қазақстан облыстық соты экс-судьяның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты
Батыс Қазақстан облыстық соты Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмағұловтың апелляциялық шағымы мен рақымшылық жасау жөніндегі өтінішін қанағаттандырған жоқ. Бұған дейін ол алаяқтық жасамақ болды деген айыппен 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.
Апелляциялық алқа Руслан Жұмағұлов пен оның қорғаушысы Нұржігіт Фазылғалиевтің шағымдарын қарады. Екеуі де соттан үкімді жеңілдетуді және рақымшылық қолдануды сұраған.
Алайда сот бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
«Сотталғандардың және олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымдары қанағаттандырылмайды, Тасқала аудандық сотының үкімі өзгеріссіз қалды», – делінген сот қаулысында.
Осыған дейін Тасқала аудандық соты Жұмағұловты алаяқтыққа оқталды деп танып, оған 2 жыл 7 ай 15 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын.
Онымен бірге адвокат Нұржігіт Фазылғалиев те сотталған. Тергеу мәліметінше, ол сотталған азаматты шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жәрдемдескені үшін пара ұсынған. Адвокатқа да осындай мерзім беріліп, үш жылға адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
«Бір күн – бір жарым күнге тең» қағидаты бойынша, Жұмағұлов тергеу изоляторында отырған мерзімін есептегенде жаза мерзімінің шамамен төрттен бірін өтеп үлгерген.