Қазақстандықтар енді Қатарда ресми түрде жұмыс істей алады

Автор: Асыл Арман

Жұмыс берушілер қазақстандықтарға тиісті жағдай жасауы керек

Фото: freepik.com

Сенат Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде ресми жұмыс істеу тәртібін айқындайтын екіжақты келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенат аппаратының басшысы Максим Споткай Telegram-арнасында бұл құжат қазақстандықтардың Қатарда ресми түрде еңбек етуіне құқықтық негіз қалыптастырып, екі тараптың өзара міндеттемелерін белгілейтінін айтты.

«Қатардағы жұмыс беруші қызметкерлердің жолақысы мен отанына қайту шығындарын өтейді, сондай-ақ оларды тұрғын үймен, көлікпен, медициналық қызметпен және ақылы еңбек демалысымен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті ол.

Келісім аясында мамандарды жалдау тәртібін реттейтін типтік еңбек шарты мен екі ел арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, туындайтын мәселелерді шешу үшін бірлескен комитет құру қарастырылған.