Елордада есірткі қылмысына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр
Астанада полиция қызметкерлері жыл басынан бері 410 келіден астам есірткі затын заңсыз айналымнан шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есірткі лабораториялары әшкереленді
Құқық қорғау органдары бір есірткі лабораториясы мен фитолабораторияның қызметін тоқтатты. Жалпы 900-ден астам есірткі қылмысы ашылып, оның 300-ге жуығы есірткіні сату фактілері болған. Полиция қызметкерлері 50 жастағы ер адамды есірткі заттарын заңсыз сақтап, сатты деген күдікпен ұстады. Тінту кезінде оның үйінен 70 келі гашиш табылып, тәркіленді. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қала аумағында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Оның барысында бүгінге дейін 350 келіге жуық есірткі заңсыз айналымнан алынды.
30 күндік іс-шара мен прокуратураның бақылауы
Қыркүйек айында прокуратурамен бірлесіп есірткі қылмыстарына қарсы 30 күндік кешенді шара ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде 140-тан астам қылмыс ашылып, 35 келіге жуық есірткі тәркіленді.
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 600-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ 1000-нан астам есірткі сайты бұғатталып, 2000-ға жуық есірткі жарнамасы бар граффити жойылды.