Абай облысында балалардың білім алу құқығы бұзылған
Абай облысында прокуратура теріс ағымда жүрген өңір тұрғындары балаларын мектепке жібермегенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Семей қаласының прокуратурасы «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында төрт баланың мектепке бармай жүргенін анықтады.
Тексеру кезінде 8 бен 13 жас аралығындағы үш баланың ата-анасының діни наным-сеніміне байланысты білім беру жүйесінен тыс қалғаны белгілі болды.
Прокуратураның араласуынан кейін балалар мектепке қабылданып, анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік жаза қолданылды.
Тағы бір жағдайда 9 жастағы баланың психикалық дамуы тежелгенімен, оған мүгедектік берілмеген. Соның салдарынан ол мектепте де, арнайы білім беру ұйымдарында да оқымаған.
Прокуратураның бастамасымен бала медициналық тексеруден өтіп, оқу бағытын анықтау шаралары жүргізілді. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр.