Түркістан облысында мүгедек бауырын бірнеше рет зорлаған үш ер адам небәрі 9 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Олар мүгедек бауырын топтасып зорлаған

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысының Келес аудандық соты ІІ топтағы мүгедек бауырына зорлық-зомбылық көрсеткені үш ер адамға қатысты қылмыстық істі қарап, оларға 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен ақша ұрлап, кейін зорлаған

Сот анықтамасына сәйкес, сотталушы Б. 2025 жылдың 7 ақпанында материалдық жағдайын жақсартуды көздеп, Келес ауданында тұратын туған әпкесінің үйіне заңсыз кіріп, 41 мың теңге ұрлаған.

Алайда ол мұнымен шектелмей, сол үйде жалғыз қалған, 2001 жылы туған ІІ топтағы мүгедек баланың дәрменсіз күйін пайдаланып, оған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.

Қайта қылмыс жасаған

Бір аптадан кейін, 16 ақпанда, сотталушы Б. өз үйіне моншаға келген туыстарымен бірге болған кезде, жәбірленушіні тағы көріп, Б. және Д. есімді сыбайластарымен алдын ала келісіп, оны тағы да зорлаған.

Прокурор мен тараптардың ұстанымы

Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сотталушы Б. кінәсін ішінара мойындап, зорлау дерегімен келіспей, ақтау үкімін сұраған.

Басқа екі сотталушы – Б. мен Д. өз кінәларын толық жоққа шығарған.

Ал жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындап, 15 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп беруді сұрады.

Сот үкімі

2025 жылдың 8 қазанында шыққан сот үкімімен Б., Б. және Д. кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот жәбірленушінің пайдасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруге шешім қабылдады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.