Қазақстанда 9 мыңнан астам адамға «семіздік» диагнозы қойылған: бір бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар

Автор: Асыл Арман

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп

Фото: freepik.com

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Үкіметтен балалардың дұрыс тамақтануына қауіп төндіріп отырған зиянды және ультраөңделген азық-түліктердің (UPFs) айналымын шектеу және осы салада нақты реттеу шараларын қабылдауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда да, әлемде де балалар арасында зиянды тағамдарды тұтыну көрсеткіші айтарлықтай өсіп келеді. Бұл жеке таңдау мәселесінен шығып, қоғамдық денсаулық сақтау деңгейінде өзекті әлеуметтік проблемаға айналған.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жыл сайын шамамен 8 миллион адам дұрыс тамақтанбауға байланысты аурулардан көз жұмады. Ал елімізде 2024 жылы алғаш рет «Семіздік» диагнозы 9 122 адамға қойылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Олардың 27 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар», — деді Нұрсұлтан Байтілесов.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, Қазақстандағы әр бесінші бала артық салмақпен ауырады, әсіресе қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш жоғары. Негізгі себеп – дұрыс тамақтанбау мен физикалық белсенділіктің аздығы.

Депутаттың айтуынша, құрамында рафинадталған қант, тұз, трансмай, дәм күшейткіштер мен жасанды қоспалар бар өнімдер мектеп буфеттерінде, дүкендер мен автоматтарда, тіпті онлайн жеткізу қызметтері арқылы еркін сатылып жатыр. Ал осы өнімдердің жарнамасы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, балалар аудиториясын нысанаға алып отыр.

«Бір түйір сағыздың құрамында 3 000-ға дейін микропластик бөлшегі болуы мүмкін. Мұндай заттар ағзада жиналып, қабыну реакциясын тудырады деген ғылыми дәлел бар», – деді депутат.

Нұрсұлтан Байтілесов шетелдік тәжірибені мысалға келтіре отырып, мәселені кешенді түрде шешу қажеттігін атап өтті. Мәселен, Чили зиянды өнімдерді балаларға жарнамалауға тыйым салып, арнайы белгілер енгізсе, Ұлыбритания «қант салығын» енгізіп, тәтті сусындар тұтынуын 30%-ға азайтқан. Ал Оңтүстік Корея мектеп маңында зиянды тағам сатуға тыйым салған.

Осыған байланысты депутат Үкіметке келесі ұсыныстарын жеткізді:

  1. Балалар мен ата-аналарға түсінікті «зиянды өнім» таңбалау жүйесін енгізу;
  2. UPFs өнімдерін мектептерде сатуға тыйым салу және автоматтар мен буфеттердегі қолжетімділігін шектеу;
  3. Салауатты өнім өндірушілерге салықтық жеңілдіктер беру, ал зиянды тағам жарнамасына шектеу қою.

Нұрсұлтан Байтілесов аталған шаралар балалардың денсаулығын қорғап, тамақ мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.