Мұрат Әбенов жаңа Құрылыс кодексінің басты міндеттерін атады

Автор: Аягөз Құрмаш

Жаңа Құрылыс кодексіне бірқатар талап енген

Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов үкіметі Парламент қарауына ұсынған «Құрылыс кодексі» және оған ілеспе заң жобалары жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Аталған заң жобалары Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатында «дайындалған.

«Жаңа Құрылыс кодексінің негізгі мақсаттарына адам өмірі мен қызметі үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру, соның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету кіреді. Қоғамның архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі шешімдерді талқылауға қатысуына, сондай-ақ қоғамдық немесе жеке мүдделерге әсер ететін шешімдер бойынша ұсыныстар енгізуіне мүмкіндік беру, архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс саласындағы құқық бұзушылықтарға уақтылы ден қою үшін жедел ықпал ету шараларын енгізу де енеді», - деді Мұрат Әбенов Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ заң жобасына мына талаптар енген:

  • жобалау және құрылыс-монтаждау саласындағы ұйым мамандарын сертификаттау арқылы олардың біліктілігін арттыру;
  • архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі жүйелерін ақпараттық сүйемелдеу;
  • құрылыс нысандарының өмірлік циклы кезеңдерінде ақпараттық үлгілеу жүйесін (ТИМСО) енгізу;
  • мемлекеттік архитектуралық-құрылыс бақылауы органдарының құрылыс нысандарына бару кестесін тапсырыс берушінің ерікті түрде ұсынуы арқылы мемлекеттік бақылауды күшейту;
  • сейсмикалық қауіпті аймақтарда жобалау және құрылыс жүргізудің ерекшеліктерін ескеру арқылы ықтимал жер сілкінісі кезіндегі сейсмикалық тәуекелді анықтау;
  • мемлекеттік органдардың құрылыс нысандарын пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттарға сәйкестігін тексеруге қатысуы.  

«Сонымен қатар, Құрылыс кодексінің жобасы құрылыс нысандарының пайдалану және кейінгі жою кезеңдерін де қамтиды.Атап өткім келетіні, депутаттардың шешімімен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы бөлім Кодекстен алынып тасталды. Бұл нормалар бөлек заң жобасы арқылы іске асырылып, күшіне енді.  Құрылыс кодексінің және оған ілеспе заң жобалары 55 жұмыс тобының отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды.Бүгінгі таңда Құрылыс кодексінің жобасы бойынша депутаттардан 1 725 ұсыныс, ал ілеспе заң жобасы бойынша 72 ұсыныс келіп түсті. Жұмыс тобы ұсыныстарды белсенді түрде талқылап жатыр», - деген Әбенов депутаттардан кодексті қолдауды сұрады.