Құны – 382 млн теңге: ШҚО-да заңсыз 6,7 кг алтын өндірілген

Автор: Асыл Арман

Олардан 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді

Фото: Видеодан скрин/ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Шыбынды өзені аңғарында заңсыз алтын өндіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ директорының орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге әрекет ете отырып, кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны анықталды. Осы мақсатта олар өз бақылауындағы «EastGoldStone» ЖШС-ін тіркеп, пайдаланған.

Бұған дейін хабарланғандай, алтын өндіру жұмысы екі жыл бойы тиісті лицензиясыз, ауыр арнайы техниканы қолданып, өзеннің табиғи арнасына араласу арқылы жүргізілген.

Атқарылған заңсыз әрекеттердің нәтижесінде қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асты.

«Тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды.

Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҚМА хабарламасында.