Астанаға жыл соңына дейін бас-аяғы 300 автобус жеткізіледі

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қала басшысы Астанаға қазірдің өзінде 300 автобустың бір бөлігі жеткізілгенін мәлім етті

Фото: Instagram/Жеңіс Қасымбек

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін елордаға 300 автобус жеткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала басшысы Астанаға қазірдің өзінде 300 автобустың бір бөлігі жеткізілгенін мәлім етті.

«Біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Биыл қалалық автопарк 300 жаңа автобуспен толықтырылады. Оның ішінде 118 автобус қазірдің өзінде қалаға жеткізіліп, желіге шығаруға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Қалған 182 автобус қалаға алдағы 3-4 айда жеткізіледі. Бұдан бөлек, жеке автопарктер де өз қаражаты есебінен көлік құрамын жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр.

Жаңа автобустар желідегі көлік санын арттыруға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде аялдамада күту уақыты қысқарады, жаңа бағыттар ашылып, ескі автобустар кезең-кезеңімен ауыстырылады», - дейді әкім.

Шаһар басшысының айтунша, қалаға 2023-2024 жылдары 700-ден аса автобус жеткізілген.

«Сонымен қатар, өздеріңіз білетіндей, LRT жобасын іске асыру жұмысы жалғасып жатыр, қазірдің өзінде сынақтық іске қосу жұмысы басталып кетті. Сондай-ақ, жолдар мен жол айрықтарын салу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары елордада екі көпір пайдалануға берілді. Аталған жұмыстың барлығы алдағы уақытта да жалғасын табады», - дейді Жеңіс Қасымбек.