Алматыдан Талдықорғанға жолға шыққан бойжеткенді полиция ұстап әкетті (ВИДЕО)

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол есірткі тасымалдап бара жатқан 

Фото: Polisia.kz

Жетісу облысында полиция қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесіп, аса ірі көлемде есірткі затын тасымалдаған Алматы қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдіктіге қатысты іс «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған жедел ақпарат негізінде тіркелген.

Тергеу дерегінше, бойжеткен 2025 жылдың 13–16 қыркүйегі аралығында психоактивті зат мефедронды заңсыз сатып алып, өзімен бірге сақтаған.

16 қыркүйектен 17-не қараған түні ол Алматыдан Талдықорғанға таксимен жолға шыққан, жанында 15 түйіншек есірткі заты болған.

Алайда Текелі қаласына кіреберісте полиция күдіктіні дер кезінде тоқтатып, жеке тінту жүргізген.

Тінту кезінде бойжеткеннің жанынан:

  • қара изолентамен оралған түйіншек,
  • үш әйнек түтікше (пипетка),
  • және темекі қорабының ішінен қызыл түсті пластик түтік табылды.

Бұл заттардың барлығы есірткіні тұтынуға арналған құралдар екені анықталды. Медициналық сараптама нәтижесінде күдіктінің қан құрамынан мефедрон, меткатинон, α-PVP және каннабиноид метаболиттері табылған.

Сот-химиялық сараптама тәркіленген заттың мефедрон екенін растады. Жалпы салмағы — 3,03 грамм, бұл заң бойынша аса ірі көлемге жатады.