Оқиға биыл 20 қаңтарда мұғалімнің көлігінде болған
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазығұрт ауданындағы мектеп мұғаліміне қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот анықтамасына сәйкес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 2025 жылдың 20 қаңтарында өзінің автокөлігінде 2010 жылы туған оқушыға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасаған.
Айыпталушы сол уақытта балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндет жүктелген педагог болған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан педагогты кінәлі деп танып, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды және 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, істі жеңіл бапқа қайта саралауды сұрады.
2025 жылғы 6 қазанда сот үкімімен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі кінәлі деп танылып, оған 12 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру және педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.