Әріптесін өлтіріп, денесін орманға көміп тастаған: Ақтөбеде ер адам небәрі 10 жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қанды қылмыс 2025 жылдың мамыр айында болған

Фото: freepik.com

Ақтөбе облысында сот алқасы әріптесін өлтірген 22 жастағы ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот отырысы мен айыптау

Сот үкімі Ақтөбе облысының мамандандырылған сотында қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау нәтижесінде шыққан.

Сотталушы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танылды.

Қанды оқиға қалай болды

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айында 22 жастағы ер адам мен оның әріптесі жұмыстан кейін үйге бірге шыққан.

Жолда екеуінің арасында жанжал туындап, олар гараж маңында тоқтаған. Сол жерде әріптесі жерден пышақ алып, оны сұғып алмақ болған.

Алайда ер адам қарсыласына тап беріп, мойнынан қысып тұншықтырған, кейін пышақты жұлып алып, оның мойын тұсына бірнеше рет сұғып алған. Кейін әріптесінің денесін орманға апарып көміп, көлігіндегі қанды іздерді көлік жуатын орында жуған.

Өзі келіп мойындаған

Бір аптадан соң ер адам полицияға өзі келіп, жасаған қылмысын мойындаған. Ол жазбаша қылмысын мойындап, мәйіттің жасырылған орнын көрсеткен.

Айыпталушының кінәсі оның мойындау көрсетпелерімен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және видеобақылау камерасындағы жазбалармен дәлелденді.

Сот үкімі мен өтемақы

Сот қылмысты өз еркімен мойындауын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды.

Үкіммен ер адамға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот шешімімен ол марқұмның кәмелетке толмаған балаларына 7 млн теңге, әкесіне де 7 млн теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ 1,5 млн теңге материалдық шығын мен өкілдік шығыстарды төлеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.