Абай облысында жүк көлігі жол жиегіне аударылып қалды: жүргізушісі инфарктан көз жұмды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қайғылы оқиға Алматы-Өскемен тасжолында болды

Фото: Абай облысы ПД

Алматы-Өскемен автожолының 731-шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабар «102» арнасына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 45 жастағы Volvo жүргізушісі Алматы бағытында келе жатып, рөлге ие бола алмай жол жиегіне шығып кеткен. Көлік аударылып, жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

Сараптама қорытындысы бойынша, оның өліміне инфаркт себеп болған.

«Бұл қайғылы жағдай – ұзақ жолда тек жүргізу тәжірибесі емес, денсаулық пен төзімділік те аса маңызды екенін еске салады. Рульге ие бола алмаған жүк көлігінің жүргізушісі жолдағы өзге адамдарға да үлкен қауіп төндіреді», – деп атап өтті облыстық полиция департаменті.

Абай облысының тәртіп сақшылары мұндай оқиғалардың алдын алу мақсатында жедел жәрдем қызметімен бірлескен рейдтер өткізеді.

«Бекеттерде жүргізушілерге жолға шығар алдында медициналық тексеруден өту ұсынылады. Бұл тәжірибе шаршау немесе денсаулықтағы өзгерістерді ерте анықтап, ықтимал қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі», – деді полиция өкілдері.

Полиция департаменті жүргізушілерді өз денсаулығына мұқият болуға, өзін жайсыз сезінген жағдайда немесе шаршаған кезде рульге отырмауға шақырады.

«Әр сапар – өз өміріңмен қатар, өзгелердің де қауіпсіздігі үшін жауапкершілік», — деп ескертті тәртіп сақшылары.