Қазақстанда жылыту маусымына қажетті көмірдің 65 пайызы дайындалды – министрлік

Автор: Мөлдір Қазыбай

Өңірлер жылыту маусымына көмір дайындауды жалғастырып жатыр

Фото: istockphoto.com

Қазақстан өңірлері 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына белсенді дайындалып жатыр. ҚР Энергетика министрлігінің мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов көмір өндіруші кәсіпорындармен және өңірлік операторлармен кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Кеңеске ҚТЖ және көмір компаниялары қатысты

Кеңес отырыстарына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, көмір өндіруші кәсіпорындар және сыртқы сауда саласының мамандары қатысты.

Жиында көмір жеткізу жоспарының орындалуы, вагондармен қамтамасыз ету деңгейі, сондай-ақ өңірлік операторлардың жұмысы талқыланды.

Халық пен коммуналдық секторға 7,4 млн тонна көмір қажет

Энергетика министрлігінің мәліметінше, биылғы жылыту маусымына халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 7,4 млн тонна көмір қажет.

Қазіргі уақытта оның 4,8 млн тоннасы дайындалды, бұл жоспардың 65%-ына тең.

Энергетика министрлігі мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр

Ведомство өкілдері жылыту маусымының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көмір өндірушілермен және тасымалдаушылармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр.

Энергетика министрлігі көмірмен қамту процесін тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.