51 адам баспанасыз қалды: Қарағандыда құрылыс компаниясының басшысы 800 млн теңге жымқырған
Қарағандыда үлескерлердің ақшасын иемденіп, құрылысты бастамаған кәсіпкерге сот үкімі шықты

Қарағандыда 50-ден астам адамды алдап, баспанасыз қалдырған компания басшысы небәрі 6,8 жылға ғана сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
800 млн теңге шығын: құрылысқа уәде беріп, іс бастамаған
Тергеу деректеріне сәйкес, кәсіпкер құрылыс жүргізуге рұқсат алмай тұрып, 51 азаматтан тұрғын үй кешенін салуға деп ақша жинаған.
«Алтын» атты тұрғын үй кешенінің құрылысы ешқашан басталмаған, нәтижесінде үлескерлерге келтірілген залал көлемі 800 миллион теңгеден асқан.
Тағы да алаяқтық: сатылмаған пәтер мен жоқ инвестициялар
Айыпталушы бұдан бөлек бес азаматтан пәтер сату желеуімен ақша алып, тұрғын үйді де, ақшаны да қайтармаған.
Сонымен қатар, жаңа инвестициялық жобаға қаржы салу уәдесімен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденгені анықталды.
2022 жылғы заңсыз құрылыс пен сот шешімі
Тергеу мәліметінше, ер адам 2020 жылдан бастап Қарағандының оңтүстік-шығысында бірнеше тұрғын үй тұрғызумен айналысқан компанияны басқарған.
Алайда 2022 жылы ол заңсыз түрде жаңа тұрғын үй кешенін сала бастаған, кейін бұл нысан сот шешімімен бұзылған.
Кәсіпкер уәдесінде тұрмай, үлескерлерге пәтер бермеген, ақшаларын да қайтармаған.
Сот үкімі және жеңілдетілген жаза
Прокуратура айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласы барын ескеріп, жазаны 6 жыл 8 айға дейін қысқартты.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің шығынын өтеу міндетін жүктеді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.