Оқушының өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты
Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысын соққыға жығып, өліміне себеп болған іс бойынша сот үкімі жарияланды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Сот мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінде Темір ауданында 11 және 10-сынып оқушылары өздерінен кіші 9-сынып оқушыларын «құрметсіздік танытты» деген желеумен жабылып ұрған.
Төбелес кезінде 9-сынып оқушыларының бірі ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Тергеу барысында және сотта кәмелетке толмаған айыпталушылар кінәларын ішінара мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтқан.
Мемлекеттік айыптаушы олардың әрқайсысына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленушілер тарапы оқушыларды бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілер мен куәлардың жауабы, сараптама қорытындысы және өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде олардың кәмелетке толмағанын, ал ауырлататын мән-жай ретінде кейбірінің қылмысты ұйымдастыруда белсенді рөл атқарғанын ескерді.
Сонымен қатар сот «Т» сотталушысының заңды өкілінен жәбірленуші тарапқа 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.