Қазақстанда есепке алынбаған 937 мың гектар орман алқабы анықталды

Автор: Асыл Арман

Орман қорына қосымша 180 мың гектар жер берілді

Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қазақстанда бұған дейін есепке алынбаған орман алқаптары анықталды, олардың көлемі шамамен 937,5 мың гектарды құрайды. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңестің отырысында белгілі болды. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, негізгі министрліктер мен әкімдіктердің өкілдері, сондай-ақ партияның өңірлік Экологиялық кеңестері қатысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Отырыс барысында кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында экология саласына жеке блок арнағанын атап өтті.

«Президент тұрақты дамудың маңыздылығын айқындап, жасанды интеллектіні енгізу, өнеркәсіп пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, жасыл энергетиканы дамыту, суды үнемді пайдалану, экологиялық ағарту мен жастардың осы үдерістерге белсенді қатысуы сияқты бағыттарды атап көрсетті», – деді ол.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет пен саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов Жолдауда Мемлекет басшысы министрліктің қызметіне тікелей қатысты үш тапсырма бергенін жеткізді.

«Біріншісі – Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу. Бұл мәселе баршаға белгілі, ол экологиялық та, әлеуметтік-экономикалық та тұрғыдан алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл мәселені шешу үшін Каспий маңындағы барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажет», – деді Дәулет Есмағамбетов.

Сондай-ақ президент жолдауында есепке алынбаған орман алқаптары мәселесіне ерекше назар аударылғанын айтты. Бюджеттік қаржыландыру болмағандықтан түгендеу жұмыстары БҰҰДБ мен Asian Forest Cooperation Organization (AFoCO) сияқты халықаралық ұйымдармен әріптестікте жүргізілуде.

«Қазіргі таңда жұмыстар Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Түркістан және Абай облыстарында аяқталды. Солтүстік Қазақстан облысында процесс жалғасуда. Алдын ала қорытынды бойынша есепке алынбаған орман алқаптарының көлемі шамамен 937,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде шамамен 180 мың гектары Мемлекеттік орман қоры жерлеріне берілді», – деді Дәулет Есмағамбетов.

Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төраға міндетін атқарушы, Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Сәуле Қатаева саланы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

«Су саласын жүйелі түрде жаңғырту және орнықты дамыту мақсатында министрлікте 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы, Су шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар және жаңа Су кодексін қамтитын құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырылды», – деді ол.

 Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров экологиялық бастамаларды ілгерілетудегі жастардың рөліне тоқталды.

«Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарына 35 мыңнан астам жас тартылды. Келер жылдан бастап жасақтар инженерлік-техникалық, аграрлық, құрылыс және педагогикалық бағыттармен толықтырылады», – деп атап өтті ол.

Өз кезегінде «Қазақстан экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ Басқарма төрайымы Айгүл Соловьева экологиялық міндеттерді шешуде кешенді тәсілдің және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын айтты.

Оның айтуынша, басты міндеттердің қатарында Оқу-ағарту, Жоғары білім және ғылым, сондай-ақ Ақпарат және мәдениет министрліктерімен бірлесе жұмыс істеу, қызметтің тиімділігін бағалау үшін KPI енгізу және су ресурстарының жағдайына қатысты деректерді дер кезінде жаңартып отыру қажет.

«Бүгінде экологиялық саясат форумдар мен іс-шаралар туралы есеп берумен шектелмей, нақты деректер мен нәтижелерге сүйенуі үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою аса маңызды», – деді Айгүл Соловьева.

Сонымен қатар ол суды үнемдеу мен энергия тиімділігі саласындағы инновациялық шешімдерді әзірлеу, ауыл жастарын экологиялық және табиғатты қорғау жобаларына тарту қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Экологиялық кеңес мүшелері алдағы жылдарда қоршаған ортаны қорғау саласында жүйелі тәсілдерді қалыптастыру шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Негізгі назар климаттың өзгеру салдарымен күреске, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға және жастарды табиғатты қорғау жобаларына кеңінен тартуға аударылмақ. Қатысушылар барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің іс-қимылдарын теңдестірудің, Каспийді қорғау және Аралды қалпына келтіру ісінде халықаралық ынтымақтастықты жандандырудың, сондай-ақ табиғи ресурстарды дұрыс есепке алу мен тиімді жоспарлау үшін цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, Бауржан Смағұлов Экологиялық кеңестің барлық ұсыныстары рәсімделіп, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатынын атап өтті. Бұл еліміздің экологиялық саясатын дамытуға жаңа серпін беріп, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тәжірибесін нығайтып, Қазақстанның орнықты әрі «жасыл» болашаққа қарай ілгерілеуін қамтамасыз етеді.