Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сарбазы көз жұмды

Автор: Дәулет Ботагөз

Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге менингококцемия себеп болған

Фото: © istockphoto.com

5 қазан күні Алматыда ҰҚК Шекара қызметінің қатардағы сарбазы қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Алдын ала мәліметтер

Комитеттің ресми ақпаратына сәйкес, оқиға Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық бөлімшесінде болған.

Мамандардың алдын ала қорытындысы бойынша, сарбаздың өліміне менингококцемия – ағзаға тез тарайтын және ауыр өтетін жұқпалы инфекция – себеп болуы мүмкін.

«Аталған факті бойынша Алматы қаласы Наурызбай ауданының полиция басқармасында сотқа дейінгі тергеу басталды. Қызметтік тексеріс тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.

Тергеу және ресми тексеріс

Қазір ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес тиісті сараптамалар жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның нақты мән-жайы мен себептері қызметтік тергеу нәтижесінде анықталатын болады.

Ресми көңіл айту

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қаза тапқан сарбаздың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

«Біз марқұмның отбасы мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қызмет бабындағы әрбір жауынгердің өмірі біз үшін қымбат», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.