$ 547.57  642.63  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мұғалім блогер болмауы керек»: педагог мәртебесі туралы заңға қандай өзгеріс енгізіледі

Депутат мұғалімдерді артық міндеттерден босатуды көздейтін заң жобасын таныстырды

«Мұғалім блогер болмауы керек»: педагог мәртебесі туралы заңға қандай өзгеріс енгізіледі
Фото: © istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін нақтылайтын және олардың жүктемесін азайтуды көздейтін заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Негізгі мақсат – мұғалімнің басты міндетін қайтару

Депутаттың айтуынша, бастама «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейді.

Басты мақсат – мұғалімдерді артық функциялардан босатып, сабақ беруге толық мүмкіндік жасау.

«Мұғалім мобилограф, блогер, күзетші, іс жүргізуші немесе чат модераторы болмауы керек. Мұғалімнің міндеті – үйрету. Артық шаруалар оның уақытын ұрлайды», – деп жазды Аймағамбетов.

Заң жобасындағы негізгі өзгерістер

1. Есептілікті азайту

Мұғалімдер енді бір деректі бірнеше жүйеге енгізуге міндетті болмайды. Егер ақпарат Kүнделік немесе Bilimland платформаларының біріне енгізілсе, оны басқа жерге қайталап толтыру талап етілмейді.

2. Әлеуметтік желі – тек ерікті түрде

Педагогтардан енді видео түсіру немесе сабақ барысын әлеуметтік желіге жариялау талап етілмейді. Бұл – тек мұғалімнің жеке таңдауы ретінде қалмақ.

3. Міндет пен жауапкершіліктің нақты шегі

Заң жобасында «бейтарап функциялар» ұғымы енгізіледі. Яғни, оқытумен байланысты емес және еңбек шартына кірмейтін жұмыстар мұғалім міндетінен алынып тасталады.

4. Ата-анамен келісім күшейеді

Жаңа норма бойынша мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы келісімнің құқықтық күші артады. Оқушы тәртібі мен тәрбиесі үшін жауапкершілік барлық тарапқа бірдей жүктелмек.

5. Мұғалімдерді қорғау шаралары күшейтіледі

Педагогтардың құқығын бұзғандарға айыппұл мөлшері ұлғайтылады, сондай-ақ физикалық және психологиялық қысымнан қорғау тетігі енгізіледі.

Президент тапсырмасы мен педагогтердің өтініші ескерілген

Аймағамбетовтың айтуынша, бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен мұғалімдердің өтініштеріне негізделген.

«Біз, депутаттар, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмалары мен педагогтердің нақты өтініштері негізінде түзетулерді дайындап, Үкіметке жолдадық. Енді ресми қорытынды күтеміз», – деді депутат.

Серіктес жаңалықтары