Бір ғана Ақтөбенің өзінде тоғыз футболшы жалпы сомасы 110 миллион теңгеге бәс тіккен
Қазақстанның Бас прокуратурасы мәжіліс депутаты Абзал Құспанның отандық футболдағы келісілген матчтарға қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның футбол федерациясында жəне футбол клубтарында тексеріс жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылық анықталған, оның ішінде келісілген матчтар мен букмекерлік кеңселерде бəс тігу фактілері де бар.
«Еңбек шартымен тыйым салынғанына қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар букмекерлік ставкаларға қатысуын жалғастырып келген. Мəселен, Ақтөбе қаласында 9 футболшы жалпы сомасы 110 млн теңгеге бəс тіккен», - делінген бас прокурор Берік Асыловтың мәжіліс депутатының сауалына берген жауабында.
Осыған байланысты, 2025 жылғы 2 сəуірде федерацияға заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыным енгізілді. Оның қаралу нəтижесінде федерация тарапынан анықталған заң бұзушылықтарды жою жəне қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Жол картасы» əзірленді.
Жол картасында аудит, қаржы жəне əдеп жөніндегі комитеттерді құру, сондай-ақ қаржылық тəртіпті күшейтуге бағытталған 33 іс-шараны іске асыру көзделген. Сонымен қатар федерацияның мəліметіне сəйкес тексеру қорытындысы бойынша бірқатар кадрлық шешім қабылданды.
«Биылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша федерация əкімшілігінің басшысымен, басқарушы директормен, заң, операциялық жəне маркетинг департаменттерінің директорларымен, қауіпсіздік жəне интегрити қызметінің басшысымен еңбек шарты бұзылды. Сондай-ақ федерацияның бірқатар басшы қызметкері лауазымынан төмендетілді», - деп жазылған Бас прокуратураның жауабында.
Қазіргі уақытта федерация заң бұзушылықтарды жою, қаржылық тəртіпті күшейту жəне футболды дамытудың жаңа мақсаттары мен міндеттеріне сай ұйымдық құрылымын оңтайландыру жұмыстарын жетілдіріп жатыр.