Digital Bridge: дәрігер қателігі қаупін азайтатын қазақстандық ЖИ-стартап ұсынылды

Автор: Алмас Ерсін

Жоба денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға бағытталған, ол клиникалардың жұмысын оңтайландырады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумында автоматты түрде аудит жасау және медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектіні қолданатын Defect AI шешімі көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Қазақстандық команда әзірлеген бұл жоба денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға бағытталған. Сонымен қатар ол дәрігер қателігі проблемасын шешіп, клиникалық жұмыстардың тиімділігін арттырады.

«IT-шешім сарапшы дәрігерлердің көп уақыт жұмсайтын медициналық құжаттарды қолмен тексеру мәселесін шешуге арналған», - деп жазылған хабарламада.

Платформаны әзірлеушілердің айтуынша, құжаттамадағы қателіктер пациенттердің денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймайды, оған салынатын айыппұлдарға байланысты клиникалар үшін елеулі қаржылық шығын әкеледі. Ал Defect AI бұл үдерісті автоматтандырады:

  • жүйе медициналық жазбаларды талдайды,
  • диагноздар мен тағайындалған емдеудің бекітілген клиникалық хаттамалар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына қаншалықты сәйкес келетінін салыстырып, ауытқуларды анықтайды.

Жазбаларда адамның жеке басына қатысты мәліметтер көрсетілмейді.

«Біз ЖИ-аудит жасау арқылы сарапшы дәрігерлер мен бас дәрігердің орынбасарларына көрсетілген қызметтердің сапасына мониторинг жасауға көмектесеміз. Осылайша олардың осы жұмысқа кететін қыруар уақытын қысқартамыз. Көбінесе қателіктердің кесірінен ақша төленбей қалады да, клиникалар пайдадан қағылады. Біздің жүйе клиниканың ішкі процестерін жақсартуға көмектеседі», — деп атап өтті жобаның негізін қалаушылардың бірі Қуаныш Ыдрысов.

Бүгінде Қазақстанда бұл шешімді Алматы мен Астанада сегіз клиника қолданады. Әзірлеушілердің айтуынша, ЖИ-аудитін енгізу қателіктерге байланысты салынатын айыппұлдардың санын алты есеге азайтуға мүмкіндік беріп отыр.