Ер адам жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапқа тартылды
Абай облысында күздің қара суығында күшікті далаға қалдырып, үсітіп өлтірмек болған ер адам жазаланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Семей қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында жануарларға қатыгездік жасау дерегін анықтады.
Белгілі болғандай, 51 жастағы ер адам көшеде күшіктерді пакетке салып, оларды қараусыз қалдырып кеткен. Бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушылары арасында орынды наразылық туғызды.
Полиция құқықбұзушының жеке басын анықтап, оған қатысты жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырды.
Құқық қорғау органдары жануарларға кез келген қатыгездік көрсету заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Мұндай фактілер қатаң түрде тоқтатылады.