Тараз тұрғыны сот арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер кезегіне қайта тұрды
Тараз қаласының тұрғыны сот арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне қайта қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық сот мәліметінше, ер адам 2015 жылы «мемлекеттік қызметші» санаты бойынша кезекке тұрған. Алайда 2025 жылы оны «пәтер алған» деген қате мәліметке сүйеніп, кезектен шығарып тастаған. Сот анықтағандай, шын мәнінде оған ешқашан тұрғын үй берілмеген.
Оны кезектен шығару Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі маманының қателігінен болған. Кейін бұл қызметкерге қатысты тәртіптік жаза қолданылды.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 73-бабына сәйкес, кезектен шығару тек нақты негіздер болған жағдайда ғана мүмкін. Ал аталған жағдайда мұндай заңды негіздер болмаған.
Сот азаматты кезектен шығаруды заңсыз деп танып, оны бастапқы кезекке қоюды міндеттеді. Яғни ол 2015 жылдың ақпанындағы кезек нөмірімен қалпына келтірілді.
Айта кетейік, аталған сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.