Қазақстандағы мектеп асханаларында фастфуд пен газдалған сусын сатқандар жазалана ма

Автор: Мөлдір Қазыбай

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі түсініктеме берді

Фото: istockphoto.com

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп асханаларында фастфуд пен тәтті сусындар сатқаны үшін қандай жаза қолданылатыны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, бұл әрекеттерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу» бабы бойынша айыппұл салынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Спикердің айтуынша, аталмыш тағам түрлерін сатқан кәсіпкерлерге заң бойынша мынандай мөлшерде айыппұл қарастырылған:

  • жеке тұлғаларға – 30 АЕК (117 960 теңге);
  • шағын және орта бизнеске – 230 АЕК (904 360 теңге);
  • ірі бизнеске – 1600 АЕК (6,2 млн теңгеден астам).

«Егер шағым түссе, тексеріс жүргізіледі. Заңбұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылады және тиісті шешім шығарылады», – деді Нұрқан Сәдуақасов.

Қандай тағамдарға тыйым салынған

Комитеттің Тағам объектілерін, білім және тәрбие ұйымдарын бақылау басқармасының басшысы Гүлшара Қожатаева да пікір білдірді.

«Хот-дог, гамбургер, пицца, түрлі чипсы... Бұлардың барлығы – зиянды тағамдар. Олардың сатылуына бұрыннан тыйым салынған. Бұл – кәсіпкерлердің жауапкершілігі. Оның үстіне, олар бұл талаптарды біледі. Жаңа ереже енгізілген жоқ», – деді ол.

Жауапсыз жеткізушілерге қатысты шара

Сонымен бірге, егер сот жеткізушінің қызметіне күмән келтірсе, мектеп онымен жасалған келісімшартты бұза алады. Сот шешімінен кейін жеткізушінің деректері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында жарияланады.