$ 547.57  642.63  6.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Qarmet» өндірісті жаңғыртуға 110 млрд теңге құйды: облыс әкімі президентке есеп берді

Облыста негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 644,7 миллиард теңгеге жетті

«Qarmet» өндірісті жаңғыртуға 110 млрд теңге құйды: облыс әкімі президентке есеп берді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы баяндалды.

Әкім Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, биылғы сегіз айда өңірде 3,2 триллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Әсіресе өңдеу өнеркәсібінің үлесі өсіп келеді. Металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібінде өндіріс көлемі ұлғайды.

Инвестициялық жобалар мен жаңа жұмыс орындары

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 644,7 миллиард теңгеге жетіп, 11,1%-ға көбейді.
2025 жылы жалпы құны 195 миллиард теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылып, 2 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Ал 2030 жылға дейін құны 4,5 триллион теңгеге тең 120 ірі жобаның пулы жасақталған. Бұл бастамалар 20 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Азық-түлік нарығындағы тәуелділікті азайту

Өңірде азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту шаралары қолға алынған.
Ауыл шаруашылығында ірі жобалар іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, екі ірі тауарлы сүт фермасының құрылысы аяқталған соң, облыс сүт өнімдеріне толықтай өзін-өзі қамтамасыз ететін болады.

«Qarmet» АҚ-дағы жаңғырту жұмыстары

Президентке «Qarmet» АҚ қызметі туралы баяндалды. Компания сегіз айда өндірісті жаңғыртуға 110 миллиард теңге салған. Соның нәтижесінде:

  • шойын өндіру – 6%,
  • болат – 6,9%,
  • илемдеу – 5% артты.

Кәсіпорында жаңа коксты батареялар, құю-илемдеу кешені және сұрыптап илемдеу цехы салынуда. Сонымен қатар, өндіріс біртіндеп табиғи газға көшіп жатыр. Шахталардағы жағдай жақсарып, көмір өндіру көлемі 15%-ға өскен. Еңбек қауіпсіздігі бойынша да жаңа шаралар енгізілуде.

Президенттің тапсырмалары

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Президент ерекше назарды жылумен тұрақты қамтуға және «Qarmet» кәсіпорнындағы өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге аударуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары