Бұл төменгі қабатта жиі қайталанатын бассыздық дейді тұрғындар
Әлеуметтік желіде алматылық тұрғын BI Group компаниясының жаңа тұрғын үйінен пәтер сатып алғанын жазған. Алайда жертөле үнемі суға толып, жағымсыз иіс шығатын мәселелер жиі туындап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз BI Group компаниясының тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алып, жайлылық, сапа және сенімділікке үміт арттық. Алайда шынайы жағдай мүлдем басқаша болып шықты: қоныстанған сәттен бастап жертөледегі су басу, ылғалдылық және жағымсыз иіс мәселелерімен тұрақты түрде күресіп келеміз. Бұл проблемалар тек өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, үйдің құрылымына және тұрғындардың денсаулығына да елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Өкінішке қарай, сервис қызметіне және басқарушы компанияға бірнеше рет жүгінгенімізге қарамастан, мәселе әлі шешілген жоқ. Қызметкерлердің жауабы тек ресми формалды деңгейінде, ал нақты шаралар қабылданбай отыр», - деп жазды алматылық.
Видеода үйдің төменгі қабатында су тасып жатқанын көруге болады. Бұл Алматы қаласындағы Arena Park тұрғын үй кешенінде болған жағдай екен.
Өз кезегінде BI Group компаниясының BI Service басқарушысы мәселеге қатысты пікір білдірген.
«Апатты жағдайға байланысты кешірім сұраймыз және оның қандай қолайсыздықтар туғызғанын түсінеміз. Бүгін өрт сөндіру станциясында өртке қарсы су құбыры жарылып, бұл бағытта алғаш рет апатты жағдай болды. Соның салдарынан 5-блоктың бірінші қабаты су астында қалды. Ақпаратты бірден инженерлік қызмет мамандарына жібердік. Олар суды толық сорып алды. Қазір тек лифт шахталарында жұмыстар жалғасып жатыр», - дейді компания өкілі.