«Birgemiz» қоры ауылдағы 80 мың отбасыға тағы 50 мың теңгеден таратады

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндай көмек елде төртінші рет ұйымдастырылып отыр

«Birgemiz» қоры таяу уақытта біржолғы атаулы көмек көрсетудің төртінші кезеңін ұйымдастырады, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.

«Тұңғыш Президенттің үндеуіне қолдау білдірген ақжүрек меценаттарымыздың арқасында қорға 28 миллиардтан астам қаражат жиналды. 23 ірі қалада, сондай-ақ оларға іргелес шағын қалалар мен ауылдарда 470 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды.

Сонымен қатар мұндай материалдық көмек коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін қолдауға және әлеуметтік жағынан әлсіз 100 мың отбасыны тегін маскамен қамтамасыз етуге бағытталды.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су басудан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындарына арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысы биылғы шілде айының ішінде-ақ аяқталады», - деп жазды Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook парақшасында.

Айта кету керек, Елбасының бастамасы бойынша бұл жолғы көмек Қамқоршылар кеңесінің шешімімен еліміздің ауылдық елді мекендеріндегі аса мұқтаж 80 мың отбасыға бағытталады.