Алматыда жол жөндеп жүрген жүк көлігі опырылған жерге түсіп кетті (ВИДЕО)
Әкімдік түсініктеме берді
Алматыда Қордай көшесінде жол жөндеу үшін асфальт тасып жүрген жүк көлігі опырылған жерге түсіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, Қордай көшесінде ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның тапсырыс берушісі — «Алматы Су» мекемесі, ал мердігер ұйым — «СК Стар Вэй» ЖШС.
Жолдың опырылу себебі
Әкімдіктің хабарлауынша, Қордай көшесінде траншеяны көму барысында арнайы техника тұрған жерде жол опырылып түскен.
«Оқиға орнына мамандар мен әкімдік қызметкерлері дереу шықты. Қазіргі уақытта траншея қайтадан көміліп, құм-қиыршық тас қоспасы және балласт пайдаланылып жатыр. Барлық жұмыс бақылауда», – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Қалпына келтіру жұмысы
Қала басшылығы қазір бір уақытта екі жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті:
- желіні қосу;
- жолға асфальт төсеу.
«Жол жабыны толықтай қалпына келтіріледі. Жұмыстарды аяқтау мерзімі осы жылдың 15 қазанына дейін жоспарланған», – делінген мәлімдемеде.